Баспасөз хабарламасы

25 шілдеде облыстық мәслихаттың кезектен тыс 24-сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов және оның орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысты.
Жиында депутаттар назарына облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 11 желтоқсандағы «2014—2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі ұсынылды. Сессия жұмысына депутат Айдар Ахмет төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаржаубай Ыбырайымұлы баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, салықтық және трансферттік түсімдер есебінен облыстық бюджеттің кіріс бөлігі көбейді. Осы қаржыны, негізінен, жылумен, сумен жабдықтау жүйесіндегі жөндеу жұмыстарына, жолдар мен коммуналдық тұрғын үйді жөндеуге, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу жұмыстарына жұмсау көзделіп отыр.


Мысалы, облыс орталығындағы 11,12-шағын аудандар тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мақсатында 5 нысанды жөндеуден өткізу үшін 1 миллиард 700 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бұған дейін бұл іске 1 миллиард 116 миллион теңге бөлінген, енді жетпей тұрған бөлігін — 584 миллион теңге — толықтыру көзделеді. Сонымен қатар, аудандардағы бірқатар мектептерде бұрын сұйық отынмен жұмыс істеп келген қазандықтарды енді көгілдір отынға ауыстыру; Алға қаласындағы сумен қамту жүйесінде жөндеу жұмыстарын жүргізу; Қандыағаш қаласындағы коммуналдық тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу; облыс орталығындағы 13 көшеде жолдарды жөндеу, сондай-ақ, 28 елді мекеннің бас жоспарларын әзірлеу, т.б. істер көзделген.
Қаржаубай Ыбырайымұлының айтуынша, алдағы жылдарға бірқатар істерді жоспарлауда облыстық мәслихат депутаттарының пікірлері де ескерілген. Мысалы, Қарғалы ауданындағы Петропавл ауылдық мектебін күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселені депутаттар көтерген. Бұл істі 2015 жылдан бастап қолға алу жоспарланып отыр.
Жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, бюджетке өзгертулер мен толықтыру енгізу жоспарланғанда, шығындар ең маңызды мәселелерге бағытталып отырғанын айтты.