Ақтөбе облыстық мәслихаты

131222Облыстық мәслихат аппараты мен депутаттық корпус облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Оразбек Далмағамбетовті 71 жасқа толуымен құттықтады.
- Өміріңіздегі осы бір маңызды күнге Сіз биік шыңдарға, жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, белестерді бағындырған дана тұлға ретінде жетіп отырсыз, - деді өз құттықтау сөзінде облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов. - Еңбек жолын 1987 жылы Темір совхоз-техникумының оқытушысы лауазымынан бастап, Сіз өзіңіздің табандылығыңыздың, жігеріңіздің және ұйымдастырушылық талантыңыздың арқасында бір кездері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы лауазымына ие болдыңыз. Сіздің жұмысқа деген керемет қабілетіңіз, теңдесі жоқ адалдығыңыз және адамдарға деген жылы қарым-қатынасыңыз әріптестеріңіздің, достарыңыздың, өңірдің және еліміздің басшылығының құрметі мен сеніміне ие болды. Сіздің өміріңіз, балаларыңыз бен немерелеріңіздің өмірі жағымды тосын сыйларға толы болсын. Сізге зор денсаулық, ұзақ бақытты өмір, отбасыңызға амандық және мол несібе мен береке-бірлік тілейміз!

Бұған жауап ретінде Оразбек Далмағамбетов құттықтаулары үшін әріптестеріне алғысын білдіріп, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы төрағасының жаңа лауазымында туған өлкеміздің өркендеуі үшін бар күш-жігері мен бойындағы қабілетін жұмсайтынына сендірді.
Облыстық мәслихат хатшысы мереке иесіне естелік сыйлық табыс етіп, туған күнімен тағы да құттықтап, барлық жақсы тілектерін арнады.

Ақтөбе облысы мәслихатының
баспасөз қызметі