Баспасөз хабарламасы

131122«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы директорының орынбасарларына куәліктер табыс етілді.
Әріптестерін құттықтай отырып, куәліктерді облыстық мәслихаттың хатшысы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Амангелді Нұғманов табыс етті.
Бірлестіктің жергілікті филиалы атқарушы директорының ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары - Фархат Сансызбай және филиал атқарушы директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары - Хайдар Ілиясов бірлестік мүшелерінің куәліктерін алды.
Әріптестерін құттықтай отырып, облыстық мәслихат хатшысы бірінші кезекте депутаттар бірлестігінің негізгі қызметі Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі жүзеге асыратын экономикалық және саяси реформалар саласында белсенді жұмыс жүргізу болып табылатынын еске салды.


- Біз халыққа еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды жан - жақты түсіндіруіміз керек, - деп толықтырды филиал төрағасы. – Бұл өңірлерді дамыту, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау және дамыту, білім мен ғылымды дамыту, денсаулық сақтауды дамыту, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы. Тіл саясатын іске асырудың, туристік саланы, цифрлық Қазақстанды және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асырудың, сондай-ақ Ақтөбе облысында жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту мүддесінде қызметті жүзеге асырудың маңыздылығын түсіндіру қажет.


Өз кезегінде Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің мүшелері сенім білдіргені үшін алғыстарын білдіріп, Отанымыздың игілігі үшін жұмысын жалғастыратынына сендірді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының бірінші отырысы өтіп, онда филиалдың алдағы қызметі мен ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Ақтөбе облысы мәслихатының
баспасөз қызметі