Баспасөз хабарламасы

031122Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды.
Осы жобаға арналған Форум Ақтөбеде облыс әкімі Ералы Тоғжановтың, облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғмановтың, облыстық мәслихат депутаттарының, бірқатар мемлекеттік органдар басшыларының, аудандар, ауылдық округтер әкімдерінің, ауыл шаруашылығы ардагерлері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен өтті.
Форум басталар алдында облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысы жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдері ұсынылған көрме қатарларын аралады. Форум барысында жобаны қызу қолдаған шаруа қожалықтарының басшылары, жобаның алғашқы қатысушыларына айналған ауыл тұрғындары , ауылдық округ әкімдері сөз сөйледі.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды екенін атап өтті.

- Жобаға қатысатын ауылдық округтерде біз толық скрининг өткізіп, ауылдардың әлеуметтік портретін жасадық. Біріншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздардың санын, әр отбасының табысын анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. Екіншіден, біз өңірдің етпен, көкөністермен қамтамасыз етілу деңгейін, дамытуды қажет ететін өндіріс түрлерін белгіледік», - деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.


- «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілді, - деді облыстық мәслихат хатшысы. - Ел тарихында тұңғыш рет жобаға қатысушылар ауылдағы үйін кепілге қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл біздің ауыл тұрғындарының басым бөлігінің жобаға қатысуына зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Ақтөбе облысы мәслихатының
баспасөз қызметі