Баспасөз хабарламасы

311022Облыстық мәслихат депутаттары жаңа медициналық клиниканың құрылысының сапасымен, жабдықталуымен танысып, оның проблемаларын талқылады.
Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлупан Шынтасова бастаған депутаттар тобымен бірге Облыстық балалар стационарының негізгі ғимаратына қосымша корпус болып табылатын «AQQANAT» жаңа клиникасына облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері келді.
- Келудің себебі - осы жылдың наурыз айында пайдалануға берілген медициналық мекеме әлі жұмысқа кіріспеген, - деп түсіндірді тұрақты комиссияның төрағасы. - Аталған нысан МЖӘ бағдарламасы бойынша салынған және біз құрылыс салушымен, басшылығымен кездесіп, осы клиника мен балалар ауруханасының тоқтап қалуының себептерін бірге түсінуге тырысамыз.

Клиниканың кабинеттері мен үй-жайларында болған депутаттық топ жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасымен, ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарымен танысты, дәрігерлер кабинеттерінде орнатылған медициналық жабдықтарды қарап шықты.
Содан соң клиниканың мәжіліс залында жаңа медициналық мекеменің жұмысына қандай проблемалар кедергі келтіретіні туралы тақырыптық әңгіме болды.


- Біз барлық тараптарды тыңдап, негізгі себептермен таныстық, - деп бөлісті Сұлупан Шынтасова. - Енді жағдайды қалай шешуге болатынын ойластыру керек. Біздің іс–әрекетіміздің нұсқаларының бірі - облыс басшылығына туындап отырған проблема туралы және оны шешу жолдары бойынша ақпарат дайындау.
Естеріңізге сала кетейік, «AQQANAT» жаңа клиникасы тәулік бойы жұмыс істейтін 100 төсектік стационар болып табылады. Мұнда гематология, онкогематология, эндокринология, ревматология, оториноларингология, пульмонология, аллергология, неврология бөлімдері орналасқан. Клиникада сондай-ақ 6 төсектік реанимация, ауысымда 50 келушіге арналған консультативтік-диагностикалық бөлімше, клиникалық-диагностикалық зертхана және операциялық блок бар.

Ақтөбе облысы мәслихатының
баспасөз қызметі