Баспасөз хабарламасы

01Депутаттар мектеп оқушыларына арналған жазғы демалыс лагерлерінің жағдайын тексерді.
Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы барысында депутаттар ақтөбелік балалардың демалуы үшін қандай жағдай жасалғанын тексерді.
Депутаттар тобы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрайымдары Әсел Шункеева мен Сұлупан Шынтасовамен бірге жазғы демалыс лагерлеріне барды, соңыра облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның қатысуымен тұрақты комиссияның отырысын өткізді.


Депутаттарға демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы баяндай отырып, ол атап айтқанда, биыл 151 000 оқушы үшін демалыс пен сауықтыруды ұйымдастыру жоспарланғанын хабарлады.
- Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 320 миллион теңге бөлінді, - деп толықтырды облыстық басқарма басшысы.


Жазғы маусымда қала сыртындағы 9 лагерь балаларды қабылдауға дайын. Олардың тек 1 - і - мемлекеттік, қалған 8-і-жеке меншік. Қала сыртындағы лагерьлерде жазғы сауықтыру демалысымен бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы балалар қамтылатын болады. Бұл жетім балалар, аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар және басқалар. Барлығы 3769 бала қамтылады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жыл бойғы "Күншуақ" лагерінде ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларында 7 жастан 15 жасқа дейінгі 312 бала демалады. Сондай-ақ, «балалар жылы» аясында «Күншуақ» лагері базасында халықаралық тілдік лагерь ұйымдастыру жоспарлануда. Лагерьде Ресей Федерациясында тұратын этникалық қазақ отбасыларының балалары демалады. Лагерь бағдарламасында Қазақ тілі сабақтары ұйымдастырылып, Қобда, Мәртөк және Алға аудандары бойынша 1 күндік экскурсиялар жоспарланған.
Сонымен қатар, Қарғалы, Хромтау және Темір аудандарында Ырғыз, Байғанин, Алға, Қобда, Ойыл, Хромтау және Мәртөк аудандарынан 400-ге жуық бала қабылданады. Қазіргі уақытта 7584 бала облыс аумағына, 618 бала республика аумағына экскурсияға барды.
Мектеп оқушыларының жазғы демалыс лагерлерінің қызметімен танысқан депутаттар өз әсерлерімен бөлісіп, Жолдас Батырханға бірқатар ұсыныстар енгізіп, тиісті қаулы шығарды.

Ақтөбе облыстық мәслихатының
баспасөз қызметі