Баспасөз хабарламасы

181021Депутаттар бюджетті нақтылау, жасыл желектерді күтіп ұстау, абаттандыру және жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдау тарифтерін қамтитын бірқатар мәселелерді талқылады.
Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері, құрылыс, көлік, сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және цифрландыру мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында көтерілді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйентаева депутаттардың қарауына қандай нақтылаулар ұсынылатынын баяндай отырып, атап айтқанда, нақтылау жалпы сомасы 5 702 278 мың теңгеге жүргізілетінін хабарлады.


Бұл қаражат спорт объектілерін, тұрғын үйлерді, сумен жабдықтау, газбен жабдықтау объектілерін, инженерлік желілерді салу, әлеуметтік объектілерді күрделі жөндеу және басқа да басым бағыттарға бағытталатын болады.
Мәселен, мектеп, тұрғын үй, спорт, мәдениет нысандарының құрылысына, газдандыруға, коммуникация құрылысына және басқаларына 2 179 484,0 мың теңге бөлу шешілді.
Білім басқармасына 121 521,0 мың теңге, Денсаулық сақтау-588 737,0 мың тг, әлеуметтік бағдарламалар-416 000,0 мың тг., спорт-110 814,0 мың тг., мәдениет-160 483,0 мың тг бөлу ұсынылды.
Отырыста сондай-ақ облыстың қалалары мен ауылдарының жасыл екпелерін күтіп-ұстау және қорғау, абаттандыру қағидалары, Ақтөбе облысында жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау тарифтері және т.б. мәселелер қаралды.

Ақтөбе облыстық мәслихатының баспасөз қызметі