Баспасөз хабарламасы

13052021aaa2021 жылғы 13 мамырда депутат Асхат Айтжановтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттік пен этика, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Депутаттар Темір және Байғанин аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістерді талқылады.
Байғанин ауданының әкімі Қайрат Утаровтың айтуынша, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылдық округінің Кенжалы станциясының тұрғындары аудан әкімдігіне елді мекенді Байғанин ауданының аумақтық бағынысына беру және елді мекеннің мәртебесін станциядан ауылға өзгерту туралы өтінішпен жүгінген.
- Өтінішке станциядағы тұрғындар саны 152 адамнан тұратыны негіз болады, бұл ауыл мәртебесін беруге мүмкіндік береді және картографиялық елді мекен Байғанин ауданының аумағында орналасқандықтан, оны әкімшілік тұрғыдан біздің ауданға беру қисынды болады, - деп қосты Қайрат Утаров. - Аумақтық мәселе оң шешілген жағдайда мұнда әлеуметтік нысандарды (медпункт, мектеп) салу мүмкіндігі пайда болады.
Сөз соңында Қайрат Утаров депутаттардан Шұбарқұдық ауылдық округінің Кенжалы станциясын "ауыл" санатына ауыстыру және оны Байғанин ауданының әкімшілік және аумақтық бағынысына беру мәселесін тағы да қолдауды сұрады.
Депутаттар талқылаудан кейін баяндамашыға бірқатар сұрақтар қойып, осы мәселені облыстық мәслихат сессиясының қарауына енгізу туралы тиісті қаулы қабылдады.
Күн тәртібіне сәйкес депутаттар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамындағы өзгерістер мәселелерін талқылады, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізуді мақұлдады, Ақтөбе облыстық мәслихатының регламенті мәселесін, облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер және этика, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс туралы тұрақты комиссия қызметі мәселелері бойынша кейбір шешімдеріне өзгерістерді, облыстық мәслихат аппаратының құрылымы мен штат кестесін талқылады. Сондай-ақ, депутаттар облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібі мен төрағасының кандидатурасын мақұлдады және осы мәселелердің барлығын облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізді.

 

 

Ақтөбе облыстық мәслихатының
баспасөз қызметі