kistaubaev
Қалмағанбетов Бижан Қуанышкерейұлы
«AMANAT» партиясынан депутат

Қалмағанбетов Бижан Қуанышкерейұлы 1961 жылы 21 қыркүйекте Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында дүниеге келген. 1976 жылы орта мектепті бітірген соң, 1976-1979 жылдары №101 Атырау кəсіптік-техникалық училищесінде, онан кейін 1979-1984 жылдарда Қарағанды индустриальды-педагогикалық техникумында білім алды. 1980-1982 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет атқара жүріп, жоғары комсомол мектебін бітірді. 1999-2003 жылдары "Қайнар" университетінде оқып жоғарғы білімді заңгер мамандығын алды.
Кәсіби еңбек жолын 1984 жылы Ақтөбе қаласындағы № 8 Кəсіптік-техникалық училищеде бастап, 1991 жылға дейін өндірістік оқу шебері-ұстаз болып қызмет атқарды. 1991 жылдан бастап бизнес саласында. 1996 – 2002 жылдары «Алланды» компаниясының вице-президенті болып жұмыс атқарды. 2006 - 2015 жылдары «ЗапКазстройИнвест» ЖШС директоры болды.
Кәсіпкер Б.Қалмағанбетов белгілі деңгейде облысымыздағы танымал меценатттардың бірі. Ол 2012 жылы қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов атындағы Республикалық қоғамдық қорын құрып, бүгінгі таңда осы қор директоры ретінде ақынның шығармашылығын ел есінде сақтауға ерекше үлес қосуда.
Б.Қалмағанбетов - ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Оның 2012 жылы "Ғашық жүрек", 2014 жылы "Сәйгүлік өмір», 2021 жылы "Қарлығаштың ұясы" атты өлең жинақтары жарық көрді. Ақынның өлеңдері «Жыр маржаны» атты он томдық Қазақ поэзиясының Антологиясына енген.
Есімі "Кто есть кто" атты Қазақстан Республикасының құрылыс саласы бойынша энциклопедиясына енген. 2018 жылы Бижан Қуанышкерейұлына Менеджмент Академиясының профессор атағы берілді.
Еліміздің өркендеуіне, оның әлеуметтік, рухани салаларына сіңірген еңбегі үшін Бижан Қуанышкерейұлы ҚР Премьер-министрінің орынбасарының, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының, Астана қаласы әкімінің, Атырау, Ақтөбе облыстары әкімдерінің Алғыс хаттарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Атырау облысы Қызылқоға, Индер аудандарының Құрметті азаматы.
2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білімді дамытуға сіңірген еңбегі үшін "Құрмет" орденімен марапатталды. 2020 жылғы 3 шілдедегі ҚР Президентінің жарлығы бойынша «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жыл» мерекелік медалімен және 2020 жылы 20 тамыздағы ҚР Президентінің жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2020 жылғы 14 қыркүйектегі ҚР Президентінің жарлығы бойынша "Халық алғысы" мерекелік медалімен наградталды. 2021 жылғы 02 желтоқсандағы ҚР Президентінің жарлығы бойынша "Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалімен наградталды. Отбасылы, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.