Баспасөз хабарламасы

0403ruskaz2021 жылғы 4 наурызда сағат 15-00-де Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нугмановтың төрағалығымен Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасын сайлады, Қоғамдық кеңес төралқасының құрамы мен комиссиялары туралы мәселелерді қарады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені талқылаудың алдында Амангелді Нугманов «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қоғамдық кеңес төрағасының келесі қызметтерін назарға салды:


1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;
2) отырыстарда төрағалық етеді;
3) Қоғамдық кеңес атынан құжаттарға қол қояды;
4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;
5) жергілікті мемлекеттік басқару органының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады.
Төраға мемлекеттік қызметте тұрмайтын Қоғамдық кеңес мүшелерінің арасынан сайланады.
Нәтижесінде, Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы лауазымына Қойлыбаев Марат Айтуғанұлы кандидатурасы сайланды.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес білім, дін, дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі комиссияны таратып, Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесі қызметінің бағыттары бойынша келесі бес комиссияны белгілеу туралы шешім қабылдады:
1) құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссия;
2) әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссия;
3) бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі комиссия;
4) экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс жөніндегі комиссия;
5) заңдылық және құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссия.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері отырыс барысында Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесі төралқасының жаңа құрамын сайлады.
«Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармағына сәйкес Қоғамдық кеңес қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңес төралқасы сайланады.
Қоғамдық кеңес төралқасының құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары кіреді.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесі 28 мүшеден тұрады, оның ішінде 25-і азаматтық қоғам өкілдері, 2-еуі мемлекеттік орган өкілдері және 1 депутат – облыстық мәслихат хатшысы.

Ақтөбе облыстық мәслихатының
баспасөз қызметі