Баспасөз хабарламасы

2602kazАғымдағы жылдың 26 ақпанында сағат 16.00-де облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжанат Ерғазинаның төрағалығымен аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия жұмысына облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нугманов және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
Мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері және оларды шешуді қамтамасыз ету туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мәлімдеді.


Баяндамашының айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы бойынша 202,5 млрд. теңгеге жалпы өнім өндірілді. 2021 жылдың 1 қаңтарына облыста асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 62,8 мың басты, асыл тұқымды қой – 134,1 мың басты және асыл тұқымды жылқылардың үлесі - 32,4 мың басты құрады.
Тұқымдық түрлендіру
Жыл қорытындысы бойынша ақпараттық-талдау жүйесі базасында облыста 249,6 мың аналық ІҚМ басы тіркелді, оның ішінде 82,1 мың бас тұқымдық түрлендіруге қатысты.
Осы бағытта қойылған міндеттерді орындау мақсатында бордақылау алаңдары арқылы бұқалар шаруа қожалықтарына жалға берілді. Барлығы 2553 бұқашық жалға берілді, шаруашылықтар 1500-ден астам бұқашықты өз бетінше сатып алды. Асыл тұқымды бұқалар Қазақстанның барлық аймақтарынан (СҚО, БҚО, Қостанай, Ақмола және т.б.) сатып алынды.
Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы
Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 13 000 бас ІҚМ, 20,0 мың бас қой сатып алу жоспарланған болатын, қазіргі уақытта қаржы институттары арқылы 13 443 бас ІҚМ және 23 217 мың қой сатып алуға несие берілді және сатып алынды.
Ет экспорты
Облыста жалпы сыйымдылығы 28,0 мың бас болатын 6 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл алаңдарға 19200 мың бұқа берілді. 2020 жылы тірі мал экспортына мораторий жариялануына және пандемияға байланысты бордақылау алаңында бордақыланған бұқашықтарды сою арқылы барлығы 1 124,0 тонна ет экспортталды.
Жайылымдық және шабындық алқаптарды цифрландыру
Жалпы облыс бойынша электрондық картаға 9434,4 мың га жайылым жер электронды картаға енгізілуі тиіс болса, қазіргі таңда 9612,3 мың га жайылым жер картаға енгізілді. Шабындық жерлер бойынша жоспар бойынша 134,0 мың га, электрондық картаға 139,3 мың га шабындық жер енгізілді.
Жайылымдарды инфрақұрылымдық дамыту
Шалғайдағы жайылымдарда мал шаруашылығын дамыту үшін бірінші кезекте оның инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыс жүргізілуде, соңғы жылдары облыста 2020 жылы 107 ұңғымалық құдық пайдалануға берілді (тапсырма – 50 құдық).
Мемлекеттік қолдау
Облыста ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, субсидиялар көлемі 10 952,1 млн. теңгені құрады, оның ішінде дағдарысқа байланысты 1,0 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінді. Осы қаражаттың 4,4 млрд. теңгесі биыл алғаш рет шаруашылықтардың жемшөп дайындауға жұмсаған шығындарын өтеуге субсидия ретінде берілді. Нәтижесінде облыстың 1191 шаруашылығынан 5,0 мыңнан астам өтінім қабылданып, 2020 жылға бөлінген қаражат толық игерілді. Шаруашылықтар тарапынан өтінімдер электронды түрде САЖ арқылы қабылданады.
Мал шаруашылығын субсидиялау үшін 2021 жылға 9352,1 млн.теңге бөлінді. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарын мал азығына субсидиялау көлемімен толық қамтамасыз ету мақсатында басқарма қосымша 4,4 млрд.теңге сұрады. Осы қаражаттан 2020 жылға ауыл шаруашылығы құрылымдары алдындағы қарыз 1,1 млрд.теңге көлемінде төленетін болады, субсидиялармен толық қамту үшін 3,3 млрд. теңге қажет.
Инвестициялық жобалар
2020 жылы облыс бойынша мал шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында инвестиция көлемі 6,9 млрд.теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 2021 жылы сомасы 16,2 млрд.теңгеге тағы 55 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
2021 жылға арналған міндеттер
2021 жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары мал басын қарқынды арттыру мақсатында «ҚазАгро» АҚ қаржы институттары арқылы 16 500 бас ІҚМ, 30,0 мың бас қой аналық сатып алуды жоспарлап отыр. Облыс бойынша 10 сүт-тауар фермасын ашу жоспарлануда.
Жоспар бойынша биыл 4,4 мың тонна сиыр еті, 245 тонна қой еті экспортталады. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін бордақылау алаңдарына 28,0 мың бас бұқашықты тапсыру жоспарлануда. Шаруашылықтар бұқашықтарды бордақылау алаңдарына тасымалдауды жеңілдету және тапсырылатын бұқашықтардың санын еселеп арттыру мақсатында бордақылау алаңдары жоқ аудандарда 8 бордақылау алаңдарын ашу жоспарлануда.
Жайылымдардың инфрақұрылымын жақсарту, бос жайылымдарды тиімді игеру мақсатында 2021 жылы аудандар алдында 150 бірлік ұңғыма құдықтарын пайдалануға беру жоспарлануда.
Баяндама аяқталғаннан кейін тұрақты комиссия мүшелері баяндамашыға бірқатар сұрақтар қойып, тиісті қаулы қабылдады.

Ақтөбе облыстық мәслихатының

баспасөз қызметі