Облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз алтыншы сессиясы

36sessionСәрсенбі, 17 шілде күні облыстық мәслихаттың сессиясының кеңейтілген отырысы өтті. Өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин есеп берді.
Сессия отырысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Д.Шарипов қатысты.
Аймақ басшысы өз есебінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсат-міндеттеріне тоқталып, алдағы уақытта облысымызда атқарылатын нақты жұмыстар туралы кеңінен айтып өтті.


- Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсімін және халықтың тұрмысын жақсартуға баса назар аударды. Осы орайда Ақтөбе облысы өз міндетін табысты орындап келеді. 1-ші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңіріміздің барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсті. Жыл аяғына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз ететін боламыз, - деді аймақ басшысы.
- Қазіргі таңда нарықтық қатынастарға байланысты бағаның өсуіне жол бермеу өте маңызды. Облысымызда инфляция деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен 102,2% құрады. Сондықтан, әрбір аудан және Ақтөбе қаласының әкімдері, салалық басқарма басшылары аталған тұрақтылықты сақтап, осы тапсырманы орындауы тиіс. Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі таңда облыста 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жылдың аяғына дейін қосымша 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын боламыз. Қабылданып жатқан шаралар жұмыссыздықты 4,8% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Облысымыз тұрғын үй құрылысы бойынша да республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға 1 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй немесе 8,7 мың пәтер беріледі.
Қорытынды сөз облыстық мәслихаттың депутаты, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Г.Қ.Ерғазинаға берілді.
Сессия қорытындысында депутаттар өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы облыс әкімі О.С.Оразалиннің есебін бекіту туралы шешім қабылдап, экономиканың экономикалық өсуін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру, бюджетке түсімнің төмендеуіне жол бермеу, өңірге инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамытуды жан-жақты қолдау және т.б. бағыттары бойынша жұмыстарды жалғастыру ұсынылды.