Материалдар

Баспасөз хабарламасы

26 наурыз 2018 жылы №22 Мәртөк сайлау округінен депутат Аманкелді Қабашұлы Есіркепов төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысқа тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың басшылары, Қоғамдық кеңестің, Ақтөбе қаласы әкімдігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Мұсақызы Қалдығұлова қатысты.


«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресмилендіру бойынша шаралар туралы» жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Орынбасарұлы Отаров хабарлады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында қамтылған әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту туралы тапсырмасына орай қолданыстағы үш түрлі әлеуметтік жәрдемақылар:
-аз қамтылған отбасыларына берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (2017 жылы тағайындалғаны – 62 отбасына 5,7 млн.теңге);
- аз қамтылған отбасылардағы он сегіз жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы (2017 жыл тағайындалғаны - 6278 отбасына 346,3 млн.теңге) ;
- көп балалы отбасыларына берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (2017 жылы тағайындалғаны – 10452 отбасына 1120,0 млн.теңге) біріздендіріліп, орнына бір жәрдемақы ретінде жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек енді.
Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек: шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді.
Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы отбасында 7 жасқа дейінгі балалары бар аналарға) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі. 2018 жылға Ақтөбе облысы бойынша республикалық бюджеттен жана форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті іске асыруға барлығы 798,5 млн. теңге қаражат жоспарланды.
Облыста а.ж. 1 наурызына Жұмыспен қамтудың Кешенді жоспарына сәйкес барлығы 4350 азамат жұмысқа орналасқан. Соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 241 адам ғана жұмысқа орналастырылған (5,5 пайыз).
Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру
Облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты, облыстың ауылдық елді мекендерінде, қалаларда мәртебесі жоқ азаматтардың мәртебесін анықтау және мәртебе беру сұрақтары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Үй-жайларды аралау барысында статустары анықталған азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту, оларды рәсімдеу және актуализациялау жөнінде Өңірлік штаб құрылып, сонымен қатар, «Нәтижесіз жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, ел экономикасына және тиісінше МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» Жол картасы жасақталып, бекітілді.
Әлеуметтік статустары анықталмаған азаматтардың статустарын анықтау жұмыстарының нәтижесінде, 118 203 адамның статустары анықталды және «Әлеуметтік статусты тағайындау» ақпараттық жүйесіне (АЖ) енгізілді. Оның ішінен 14 814 адамның немесе 13%-ның статустары актуализацияланды.
Ақтөбе қаласы және аудандар бойынша әлеуметтік статустары нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен тіркелмеген жұмыссыздар ретінде 34 734 адам анықталып, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту өте нашар жүргізілуде немесе тек қана 3 259 адам (9,4%)
Үйлерді аралау жұмыстары кезінде 11 569 адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандығын мәлімдеді. Олар жұмыспен қамту шараларынан бас тартып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын өздері төлейтіндерін мәлімдеді. Бұл азаматтардан жұмыспен қамту шараларынан бас тарту жөнінде қол хаттар алынып, «Әлеуметтік статусты тағайындау» ақпараттық жүйесіне (АЖ) ресми түрде тіркелуі жөнінде ұсыныс берілді .
Сонымен қатар, ескеретін жағдай, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың басым бөлігі салықтарды төлеуден жалтару мақсатында өздерінің жұмыспен қамтылғанын, табыстарын жасыруда. Аталған санаттағы азаматтар өздерін жұмыссыздар қатарына жатқызғандықтан, жұмыссыздар санын көбейтіп отыр.
Аталған мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты.
Қорытындысында, комиссия қаралған мәселе бойынша сұрақты сессияға енгізу туралы қаулы қабылдады.