Материалдар

Баспасөз хабарламасы

2017 жылғы 23 қарашада облыстық мәслихатта, құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы №4 Мясоедов сайлау округінен депутат Марат Серғазыұлы Итеғұловтың төрағалығымен өтті.
Кеңейтілген отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Мұсақызы Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Сапарбекұлы Испанов, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің, коммуналдық кәсіпорындардың, пәтер иелері кооперативтерінің басшылары, тазалықпен айналысатын ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


«Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау Қағидаларын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №349 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртас Иванұлы Сейітов хабарлама жасап, Қағидаларға бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды.
Өз қызметін қалалар мен елді мекендердің аумағында жүзеге асыратын заңды тұлғалардан, өзге де шаруашылық жүргізуші субъектілерден сондай-ақ пәтер иелерінен және пәтер жалдаушылардан, жеке тұрғын үйлерден коммуналдық қалдықтарды шығару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган өткізетін, қалдықтарды шығару бойынша конкурсты (тендер) ұтқан, қоқыс шығарушы ұйымдармен шарт негізінде жүргізіледі.
Жеке және заңды тұлғаларға қоқыспен және тұрмыстық қалдықтармен ыдысты көшелерге, жалпы пайдалану орындарына, баспалдақ алаңдарына қоюға, үйінді жасауға, қоқысты жерге көмуге, контейнерлік алаңдардың аумақтарын ластауға, қатты тұрмыстық қалдықтарға жатпайтын, қоқыстарды контейнерлерге салуға және алаңдарға және оған іргелес аумақтарға жинауға, қазылған шұңқырларға құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, ыдыстарды тастауға, жеке тұрғын үйлердің, ғимараттар мен құрылыстардың іргелес аумақтарына қоқыстарды жинауға жол берілмейді.
Аталған мәселе бойынша Ақтөбе қаласының әкімі І.С.Испанов, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Жұмашұлы Иманалин сөз сөйлеп, абаттандыру мәселелері, санитарлық тазалық жағдайы, бақылауды күшейту және Қағидаларға өзгерістер енгізу туралы хабарлады.

Тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, ескертулер мен ұсыныстарын айтты. Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданды.