Материалдар

Баспасөз хабарламасы

2017 жылғы 28 ақпанда облыстық мәслихатта, №21 Қарғалы сайлау округінен депутат Гүлжанат Қойбағарқызы ЕРҒАЗИНАНЫҢ төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.


Отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Мұсақызы Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Сабырұлы Жұмағазиев, қала әкімінің орынбасары Алдияров Нағымжан Смағұлұлы, комиссия мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері және облыстық басқармалардың, департаменттердің, ауыл шаруашылығы корпорацияларының басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі «Ақтөбе облысында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың бағыттары және агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары туралы» мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құсайын Іскендірұлы Сарсембай хабарлама жасады.
Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, оның ішінде егіс көлемінде мал шаруашылығын дамытуға қажетті жем-шөп өндірісін ұлғайту, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кооперативтік өндірісті дамыту, шикізат өңдеу базасын ұлғайту және аймақтың экспорттық әлеуетін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды.

Осы міндеттерді орындау үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасы негізінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жыл сайын артып келеді. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеңілдетілген несиелер беріліп, лизингке техникалар мен әртүрлі құрал-жабдықтар алынып берілуде.
2015 жылы салаға егін шаруашылығын қолдау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыру, инвестициялық шығындардың бір бөлігінің орынын толтыру және тағы басқа бағыттарда 6,6 млрд.теңге субсидиялар төленсе, 2016 жылы бұл көлем 1,4 есе өсіп, 9,7 млрд.теңге субсидиялар төленді.
2017 жылға 8,7 млрд.теңге, оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 1,3 млрд.теңге, мал шаруашылығына - 6,1 млрд.теңге, қайта өңдеу кәсіпорындарына 8,3 млн.теңге, дайындау ұйымдарына –15,0 млн.теңге қаржылық сауықтыру бағытында – 311,5 млн.теңге, кредиттер мен лизингтік шарттар пайыздық сыйақылар мөлшерлемесін субсидиялауға– 237,3 млн.теңге бөлінді (қосымша жалғанады). Сонымен бірге инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуге берілетін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша 4 млрд. теңгеге сұраныс берілді. Бұл қаражаттың бөлінуі Республикалық бюджет комиссиясында шешіледі.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаржы институттары ауыл шаруашылығы саласына берілген несие көлемі де жыл сайын артуда. 2016 жылы шаруалардың 1547 өтінімдері мақұлданып, 7,5 млрд.теңгеге несиелер мен лизингтік шарттар жасалып, жеңілдетілген несиелер берілді және лизингке техникалар мен құрал-жабдықтар алынды.
Осы бағдарлама қазір оң нәтиже көрсетіп, салаға тартылған инвестицияның көлемі едәуір ұлғайды. Өткен жылы 312 шаруашылыққа төленген 2,0 млрд.теңге инвестициялық субсидия есебінен салаға қосымша 7,5 млрд.теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 2016 жылы ауыл шаруашылығы негізгі капиталына салынған инвестициялар 11,7 млрд.теңгеден асып, 2015 жылмен (6,1 млрд.теңге) салыстырғанда 1,8 есе өсті.
Жалпы өткен жылда 3,2 млрд.теңгеге 25 инвестициялық жобалар іске қосылып, 222 жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде «Аққұс» құс фабрикасын жаңғырту.
Осындай шаралардың нәтижесінде 2016 жылы жалпы өнім өндіру –184,8 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі – 108,7% өсті, немесе 2015 жылмен салыстырғанда өнім өндіру –19,6 млрд.теңгеге артты.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасының жобасы бойынша ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда құрылыс-монтаждау жұмыстары есепке алынбайды, сатып алынған техникалар мен құрал-жабдықтардың құны субсидияланады. Басым бағыт ретінде ауыл шаруашылығы кооперативтері сатып алған техникалар мен жабдықтар, жайылымдық жерлерді суландыру инфрақұрылымдарын құру, оған қажетті құрал-жабдықтар алуды субсидиялау белгіленді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауылдық жерлердегі жаңа ашылған шағын кәсіптер, әрекеттегі кәсіптер, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіптерге 8 000 АЕК дейін (18,0 млн.теңге) мөлшерде пайыздық сыйақысы 6% болатын несиелер қаралады. Несиелер мал шаруашылығы және кооперативтерге 6,5 жылға дейін, ал басқадай кәсіптерге 5 жылға дейін беріледі. Сәйкесінше негізгі қарызды және пайыздық сыйақыны төлеуге несие шарты мерзімінің байланысты (3/1 бөлігіне), яғни бір жыл жарым немесе екі жыл жарым мерзімге несие беруші қаржы ұйым тарапынан каникул қаралады.
Сонымен бірге бұл жаңа бағдарлама бойынша жаңа ашылған кәсіпкерлерді несиелеу барысында 85% және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға 50% кепілдеме беріледі. Кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несие алуда осы механизмді («ҚазАгроГарант» АҚ) пайдалануға болады.
Аталған мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты.
Қорытындысында комиссия қаулы қабылдады.