Материалдар

Пресс релиз

 

SM23.09.16

Облыстық мәслихаттың Жұмыс жоспарына сәйкес 2016 жылғы 23 қыркүйекте №21 Қарғалы сайлау округінен депутат Гүлжанат Қойбағарқызы Ерғазинаның төрағалық етуімен «Ақтөбе облысындағы экологиялық жағдайдың хал-ахуалы және жақсарту бойынша шаралар туралы» мәселе бойынша көпшіліктік тыңдау өтті.

Көпшіліктік тыңдауға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Мұсақызы Қалдығұлова, облыстық мәслихаттың депутаттары, Ақтөбе қалалық және аудандардың мәслихат хатшылары, облыстық басқармалар мен департаменттердің, қалалық бөлімдердің басшылары, облыстағы кәсіпорындардың, ұйымдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталған мәселе бойынша Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Жақсығали Исламұлы Иманқұлов баяндама жасап, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуда табиғат пайдаланушылардың міндетті орындауы жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Ақтөбе облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрсұлу Алтынбекқызы Беркімбаева хабарлама жасап, қоршаған ортаға, оның ішінде облыстағы елді мекендердің аумағындағы шу, радиологиялық электро магнитті өріс деңгейіне және ашық су айдындары мен топыраққа зертханалық зерттеулермен мониторинг жүргізілетіндігі туралы хабарламады.
2016 жылдың 8 айында ашық су айдындарының шомылатын орындарындағы бақылау нүктелерінен санитариялық-химиялық көрсеткішке 156 сынама су алынып, 31 сынамада сәйкессіздік анықталды, бұл 19,8% құрайды. Қарғалы ауданы 22,2% (Қарғалы өзені, Қарғалы су қоймасы),Қобда ауданы 50% (Ащығара, Елек, Қобда өзені), Мәртөк ауданы 50% (Елек өзені), Мұғалжар ауданы 100% (Жем, Елек, Көлденентемір өзені), Темір ауданы 33,3% (Ойыл, Кенжалы өзені), Хромтау ауданы 50% (Жарлыбұтак, Ойсылқара өзені). Қоршаған ортаның өндірістік қызметтермен, стихиялық қоқыстармен ластануы сәйкессіздік анықталған сынамалардың құрамында аммиак, түстілік, жалпы қаттылық, темір, бор және қышқылдықтың шекті мәннен жоғарылауына себебін тигізу мүмкіндігін көрсетеді.
Санитариялық-микробиологиялық көрсеткішке 141 сынама су алынып, 26 сынамада сәйкессіздік анықталды, бұл 18,4% құрайды. Оның ішінде Ақтөбе қаласы 16,6% (Елек, Қарғалы өзені) Алға ауданы 16,6% (Сағыз өзені), Ырғыз ауданы 16,6% (Ырғыз өзені), Қарғалы ауданы 16,6% (Қуағаш, Қарғалы өзені), Қобда ауданы 16,6% (Қобда өзені), Мәртөк ауданы 100% (Елек өзені), Мұғалжар ауданы 16,6% (Колденентемір), Темір ауданы 16,6% (Темір өзені), Хромтау ауданы 33,3% (Жарлы-бұтақ, Ор, Ойсылқара өзені). Оң лактоза ішек таяқшаларының 1100 ден 7500 дм3 дейін жоғарылауы қоршаған ортадағы қатты тұрмыстық қалдықтармен ластануын айғақтайды.
Паразитологиялық көрсеткішке 139 сынама су алынып, 5 сынамада сәйкессіздік анықталды, бұл 3,6 % құрайды, оның ішінде Хромтау ауданы 20,8% (Жоса өзені). Сонымен қатар топырақтан 63 сынама алынып, 3 сынамада сәйкессіздік анықталды, яғни 4,8%. Оның ішінде Әйтеке би 22,2% (Иргиз өзені), Хромтау ауданы 12,5% (Жоса өзені) құрайды. Құрамында құрт жұмыртқасы, аскаридалар, лямблий цисталарының шекті мәннен жоғарылауы анықталды.
ҚР ҰЭМ тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» Ақтөбе облысы бойынша филиалымен бірге тұрғын үй құрылыс аймағынан радиациялық жағдайды анықтау мақсатында облыстағы 198 елді мекеннен 2278 өлшем жүргізілді, сонымен қатар радиологиялық көрсеткішке 139 сынама су және 226 сынама топырақ алынды, барлық радиологиялық зерттеуге алынған сынамалар мен өлшемдерден сәйкессіздік анықталмады.
Облыстағы радиотехникалық объектілер орналасқан барлық тұрғын аймақтағы электро магнитті өріс деңгейін анықтау үшін 976 өлшем жүргізіліп, сәйкессіздік анықталмады.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласының тұрғын аймағындағы шу деңгейіне 543 өлшем жүргізіліп, сәйкессіздік анықталмады.
2015-2017 жылдардағы Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес бақылау нүктелері бойынша атмосфералық ауадан лабораториялық зерттеу жүргізілді. Атмосферанының ластануын бақылау бойынша әдістемеге сәйкес облыстың селитебті аумақтарынан жазғы мезгілде атмосфералық ауадан өлшем жүргізіледі. Зиянды заттардың концентрациясына 32 көрсеткіш бойынша бір реттік зерттеу жүргізілді (күкіртті сутек, формальдегид, өлшенген заттар, азот диоксиді, күкірт диоксиді, күкірт қышқылы, хром тотығы, көміртегі, сынап, қорғасын, кадмий, ацетон, фенол, хлор, аммиак, азот тотығы, толуол, ксилол, меркаптан және т. б.).
Ақтөбе қаласының селитибті аумағын қамтитын маршруттық бақылау нүктелері желдің бағытына байланысты солтүстік-батыс өнеркәсіптік аймағына ең жақын орналасқан Рысқұлов көшесінен бастап «41 разъезд» шағын ауданына дейін ұйымдастырылды.
Аудан орталықтарында және мұнай-газ өңдеу объектілерінің әсер ету аймағындағы елді мекендерде 2-5 бақылау нүктелері орналасқан.
2016 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша облыстағы елді мекендерде атмосфералық ауадан 12858 сынама алынып, 99 сынамада күкірт диоксиді, формальдегид, қалқымалы заттардың деңгейі шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРЕК) жоғарылауы анықталды, бұл 0,8% құрайды (2015ж.-1,2%). Байғанин (Жарқамыс селосы) және Хромтау ауданында меркаптан, күкірт диоксиді, көмірсутегі, күкіртсутегінің ШРЕК-тен жоғарылауы анықталды.
Департамент ай сайын атмосфералық ауаға жүргізілген мониторингке талдау жасалып, жергілікті атқарушы мекемелерге, оның ішінде облыс, қала әкімдеріне, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына және Ақтөбе облысы бойынша экология департаментіне мәселелі сұрақтар мен шешу жолдары жолданды. Өнеркәсіп объектілерінің қатысуымен 5 семинар өткізілді.
Ақтөбе облысы бойынша қайталама шикізатты (макулатура, шыны, пластик) жинау пункттері және қауіпті қалдықтарды жинау (батареялар, электр аспаптары, бояулар, лактар, тұрмыстық химия , сынап бар аспаптар: градусниктер, люминисцентті шамдар) ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде қауіптілігі 1,2 класты құрайтын қоқыстар ауаны, топырақты, жер асты суларын ластауда.
Аталған мәселе бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Байдәулетұлы Аққұл хабарлама жасады.
Ақтөбе облысы өндірісі дамыған аймақ болғандықтан, ауа атмосферасына белгілі бір көлемде экологиялық ауыртпашылықтар тигізетіні белгілі. Сонымен қатар, облыс бойынша қалдықтардың жиналуы, су айдындарының ластануы секілді бірқатар тарихи экологиялық мәселелер бар.
Тұрғындардың негізгі бөлігі тұратын облыс орталығы үшін атмосфераның ластануы, соның ішінде күкіртті сутекпен, ҚТҚ қордалануы, қаланың жеткіліксіз көгалдандырылуы негізгі экологиялық мәселелер болып табылады.
Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсартып, жүйелеу үшін 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданып,ол жоспарда келесі жұмыстар қарастырылған.
Ақтөбе қаласының әлеметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2017 жылға дейін қала тұрғындарының саны жарты миллионға жетуі тиіс, сонымен қатар алдағы уақытта Ақтөбе қаласының халқы миллионға жетеді деген болжам бар. Осы ретте заманауи тазалау құрылғыларын салу қажеттілігі немесе қазіргі қолданыстағы жүйені қайта жаңғыртудан өткізу қажеттілігі туындауда.
Осыған байланысты, Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысы бойынша «Ақтөбе қаласында тәулігіне 100 мың.м3 кәріз-тазарту құрылғыларын жаңғырту» жұмыс жобасын әзірлеу жұмыстары басталды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, «Актюбгражданпроект» ЖШС-мен келісім-шарт жасалынып, ТЭН әзірлеу ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Жеке сектордағы үйлерде орталық кәріз жүйесінің болмауы салдарынан ассенизаторлық көліктердің кәріз қалдықтарын қалалық кәріз жүйесіне рұқсатсыз төгу деректері орын алуда.
2016-2017 жылдары жеке сектордан кәріз ағындыларын қабылдауға арналған бағасы 336,3 млн.теңгені құрайтын 3 құю станциясын салу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың тамыз айының аяғында Кірпішті ауданы мен қаланың өндіріс аймағында кәріз суын құю станцияларының құрылысы басталып, құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың желтоқсан айында деп күтілуде, келесі жылы 41 разъезд аймағында (Ясный 3-ші) осындай станция салынатын болады.
Бұл объектілердің салынуы жеке сектордағы үйлердің кәріз қалдықтарын қабылдау мәселесін реттеп, ағын суларды кәріз құдықтарына төгу кезіндегі күкіртті сутектің шығуын шектейді.
Қабылданып жатқан шаралармен қатар, «Ақбұлақ» АҚ-мен Рысқұлов көшесінде орналасқан ағын суларды қабылдау станциясын жарақтандыру жұмысы жүргізілді.
Кезең-кезеңмен қалалық канализацияларды жаңғырту жалғасуда. Еуропалық қайта құру және дамыту банкі несиесі шеңберінде «Ақбұлақ» АҚ-мен ағымдағы жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың қыркүйегі аралығында «Тұрғынқалашық» ауданының кәріз жүйелерін толық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілетін болады. Жұмыстардың құны 607,0 млн.теңгені құрайды.
Ақтөбе қаласы өнеркәсібі жақсы дамыған қала болып табылады, қаланың маңында химиялық, қара металлургия, құрылыс индустриясы, спиртті сусындар өнімін шығаратын және т.б. өндіріс орындары орналасқан. «Ақбұлақ» АҚ жұмыс жасайтын барлық 319 кәсіпорындардан тек қана 1 (бір) көлік жуу станциясы айналымды сумен жабдықтау жүйесімен жабдықталған және 12 кәсіпорын жеке дара тазалау құрылғыларымен жабдықталған.
Нәтижесінде канализациялық жүйеге тасталатын ағынды сулар біршама техникалық регламентке сай келмейді. Ластаушы заттар шіру процестерін шапшаңдатады және оның нәтижесінде қалада оқтын-оқтын пайда болатын «жағымсыз иістің» көзі болып табылады.
Осы мәселені шешу үшін Экология департаменті кәсіпорындармен әрбір өндірістік объектіде локальді тазарту қондырғыларының орнатылуы бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда 59 объект тексерілді. Тексеру нәтижесінде құрамында ластаушы заттар басым ағын суларды төккені үшін 3,7 млн. теңгеге 47 әкімшілік айыппұл салынды. Локальді тазарту қондырғыларын орнатуға 51 ұйғарым берілді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде қаланың 6 кәсіпорыны тазалау қондырғыларын алды, кәсіпорындармен жұмыс әлі де жалғасуда.
Іс-шараның келесі блогы қалдықтарға қатысты.
Облыста экологиялық талаптарға сай 14 ҚТҚ полигондар жұмыс жасауда, оның ішінде 3 коммуналдық, қалғандары жеке меншікте.
Тек қана Алға Шалқар және Хромтау аудан орталықтарында талаптарға сай полигондар бар.
Елді мекендерді ҚТҚ полигондарымен қамтамасыз ету, жергілікті атқарушы органдарының қызметін бағалау үшін базалық индикаторларының тізіміне енгізілді. Сондықтан ҚТҚ полигондарын салу бойынша жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізу қажет.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы қалалық ескі қоқыс полигонын және өндірістік аймақтағы иесіз барда жинақтаушыны жою жобаларын әзірлеуге, Мәртөк, Қобда, Қарауылкелді аудан орталықтарында ҚТҚ полигоны құрылысына ТЭН әзірлеуге қаражат бөлінді. Жұмыстар жүргізілуде, ТЭН әзірлеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады, келесі жылы осы жоба бойынша ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жоспарлануда.

Автокөліктер мен жол қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бірінші жарты жылдық ішінде ауаға ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 153,1 мың тонна болса, оның ішінде автокөлік үлесі 61,5 мың тонна немесе 40,6 % құрайды.
Жыл сайын облысымызда автокөлік саны артып келеді, 2014 жыл соңында көлік саны174 мыңды құраса, ағымдағы жылы 195,8 мың, соның ішінде Ақтөбе қаласында 140 мың автокөлік тіркелген.
Ақтөбе қаласында көлік кептелістерін болдырмау және пайдаланылған газдың жинақталуын шектеу үшін, көлік ағындарын басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта қала жолдарында көлік жол айрықтары салынып, облыс орталығы жолдарында қозғалыста басқарудың автоматтандырылған жүйесі қызмет етеді.
Қолайлы қоршаған орта құру мақсатындағы тағы бір бағыт – көгалдандыру жұмыстарының ауқымын арттыру және соның ішінде Ақтөбе қаласының жасыл белдеуін құру. Осы мақсаттарға 2014 жылы Ақтөбе қаласының қорғаныштық-рекреациялық жасыл белдеуін құру жұмыс жобасы әзірленді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2024 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жобаны жүзеге асыру 3 кезеңнен тұрады, әр қайсысы екі жылдық жер дайындау жұмыстарынан, ағаш отырғызу және үш жылдық күтім жұмыстарын жүргізуді қамтиды. Жобамен жалпы ауданы 2209,1 га алқапқа 5,1 млн. дана ағаш-бұта екпелерін отырғызу қарастырылған. Ағымдағы жылы 1278 га алқапқа жер дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілердің экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары шеңберінде қабылданып жатқан шаралары қоршаған ортаны және Ақтөбе облысы халқының өмір сүру деңгейін түбегейлі жақсартады.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары әрбір хабарламашыға сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты.
Қорытынды бойынша тиісті қаулы қабылданды.