Материалдар

Облыстық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясы өтті

7 тамызда, №18 Ключевой сайлау округінен депутат Б.Қ.Аманбаевтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясы өтті


    Сессия жұмысына облыс әкімі  А.Б.Мұхамбетов және орынбасарлары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары және  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде «Өзіне жүктелген  функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы облыс әкімі А.Б.Мұхамбетовтың облыстық мәслихаттың депутаттары алдындағы есебі» қаралды. Есепті талқылау барысында депутаттардың қойған сұрақтарына облыс әкімі жауап берді. Облыс әкімінің есебі оң бағаланып, мақұлданды.


    «Ақтөбе облысының шағын қалаларының 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді даму жоспарлары туралы» және «2020 жылға дейін Ақтөбе агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 1 қарашадағы №158 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелер қаралып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ж.А.Ақбергенов хабарлама жасады.
Ақтөбе облысындағы Алға, Темір, Шалқар, Қандыағаш, Ембі және Жем шағын қалаларының жалпы халық саны 97,5 мың адамды немесе облыстың жалпы халық санының 12 % құрайды.
    «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» Бағдарламасына сәйкес, Ақтөбе облысының әкімдігі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетімен бірлесе отырып, 6 шағын қаланың Кешенді даму жоспарларын дайындады.
    Кешенді даму жоспарларын әзірлеудің негізгі мақсаты экономиканы  әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, экономиканың жаңа мамандануының келешегін анықтау, имиджді арттыру бойынша шараларды анықтау, экономикалық мәселелерді  шешуде жеке және қоғамдық күштерді нығайту, сондай ақ, олар республикалық және жергілікті бюджеттен әрбір шағын қаланың қаржыландыру көлемін анықтау үшін негізі болып табылады.


    Жалпы сомасы 23,4 млрд. теңгеге 108 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жоспарларды жүзеге асыру, мемлекеттік бюджет шеңберіндегі мемлекеттік және салалық бағдарламалар, «Нұрлы-жол» бағдарламасы қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес, индустриалдық және экономикалық өсуге ықпалын тигізеді.

07082015bg4
    Сессияда, сонымен қатар, Ә.К.Бахоновтың облыстық мәслихаттың депутаты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Ақтөбе облысының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне байланысты, Әділхан Кенжетайұлы Бахоновтың №21 Қарғалы сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы облыстық мәслихат шешім қабылдады.
    Күн тәртібінде басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.