Материалдар

Пресс-релиз

2015 жылғы 18 ақпанда  облыстық мәслихаттың депутаты Қ.Н.Тоқтаровтың төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.


    Комиссияның жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы С.М.Қалдығұлова, комиссия мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, Ақтөбе қаласы мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары, колледж директорлары, БАҚ өкілдері қатысты.
    Күн тәртібінде «Ақтөбе облысындағы білім саласының жағдайы және дамытудың басым бағыттары туралы» және  «Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі» мәселелері қаралды.


    Бірінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ж.Б.Самұратова облыстағы білім беру жүйесінің дамуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.
    Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру бойынша аудан әкімдіктерімен бірлескен шаралар қабылданды.  Нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен 3-тен 6 жас аралығында балаларды қамту - 87% құрайды (ҚР - 78,6%), 1- 6 жасар балаларды қамту - 64,4% (ҚР  52,3%). Қазіргі уақытта облыста 527 мектепке дейінгі ұйым қызмет жасайды.
    Жалпы орта білім беру жүйесі 429 мектеппен ұсынылады. Осы оқу жылында мектеп желісі 6 бірлікке азайғанымен, оқушы саны 4,0 мың балаға көбейіп, 119 мың оқушыны құрады. 243 (56,6%) мектеп шағын жинақталған, бұл мектептерде 15 мыңнан астам бала білім алады (13,4%).
    Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептердің жағдайын шешуде облыста білім нысандарының құрылысына қаражат бөлу көлемі артты, 2014 жылы құны  4,7 млрд. теңгені құрайтын 16 білім беру нысанының, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 7 нысанның құрылысы жүргізілді (РБ - 2088,2 млн. теңге, ЖБ - 2569,5 млн. теңге). 2014 жылы құны 1,6 млрд. теңгеге 2008 орындық 5 мектеп іске қосылды. Облыста 4 апатты мектеп тіркелді.
    Жаңа құрылыс есебінен үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 3 есеге азайды. Жыл сайын білім беру ұйымдарының материалдық - техникалық базасының деңгейі жоғарылауда. Қазіргі уақытта мектептердің  57,3% жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен жабдықталған, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 4% -ға дейін артты.
    Балалар үшін жасалған қолайлы жағдайлар білім сапасына әсер ететіні белгілі. Соңғы үш жылда Ақтөбе облысының ҰБТ көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанын атап өтуге болады. 2014 жылы ҰБТ қорытындысында Ақтөбе облысы Алматы және Астана қалаларынан кейінгі 3-орында.
    Педагог мерейін арттыру аясында облыс бойынша педагог кадрлардың жоғары біліктілігін арттыру үлестері арттырылып, педагог кәсібінің беделімен қоса жалақылары да көтерілуде. Жаңа жүйедегі деңгейлік біліктілік арттыру курстарынан соңғы 3 жылда 2259 педагог өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы Меморандум жоспарын орындап, 2014 жылы жаңа жүйедегі деңгейлік біліктілік арттырудан  923 педагог өтті. Біліктілігі жоғары педагогтар үлесі 41,6 % болып жоғарылағаны байқалады.
    Балалар арасында қараусыздық пен панасыздығын алдын алу және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың ескертуде, түрлі бағыттарында жүргізілетін бірқатар іс-шаралар нәтижесі бойынша 2012 жылымен салыстырғанда құқықбұзушылықтың деңгейі 2,5 есе азайды. 2013 жылымен салыстырғанда аяқталған суицид фактілері 50%-ға, ал суицидке ұмтылу саны 55,8 %-ға төмендеді.
    Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жалпы саны 33 мыңнан астам студентті қамтитын 42 колледж мамандар даярлауды жүзеге асыруда. Биылғы оқу жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде 4373 адам, оның ішінде жергілікті қаржы есебінен - 3589 адам, республикалық қаржы есебінен - 600 адам, жұмыспен қамту Жол картасы аясында - 184 адам қабылданды. 2014 жылы 7245 студент күндізгі оқу түрін аяқтап, 5553 немесе 77% жұмысқа орналасты. Дуалдық оқыту жүйесі сәтті енгізілуде. Колледждерді кәсіпорындарының сенімгерлік басқаруға беру механимздері қарастырылуда.
    Кеңейтілген отырыста екінші мәселе «Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі» бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Қ.Н.Тоқтаров хабарлама жасады.
    Хабарламашыларға депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, толық жауаптар берілді. Тұрақты комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды