Материалдар

Облыстық мәслихаттың кезекті ХХІІ сессиясының баспасөз-хабарламасы

22session2018 жылғы 15 тамызда облыстық мәслихаттың кезекті жиырма екінші сессиясының жалпы отырысы №17 Алға сайлау округінен депутат Ғалымжан Мұхтарұлы Латыповтың төрағалық етуімен өтті.
Сессия жұмысына облыс әкімі Б.М.Сапарбаев, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, Қоғамдық Кеңестің мүшелері, облыс мәслихаттарының хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияда өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың есебі тыңдалды.


2018 жылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облысымызда экономиканың өсуі байқалуда, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика белгіленген.
Бюджет. А.ж. 6 айы бойынша жинақталған бюджетке 248 млрд.тг. түсті. Сонымен қатар, жергілікті бюджетке 57,5 млрд.тг.түсім түсті, бұл 2017 жылға қарағанда 19,8%-ға жоғары. Салық салу базасын ұлғайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда, соның нәтижесінде бюджетке қосымша 2,9 млрд.тг. іздеп табылды. 2018 жылға жоспар 5 млрд. теңгеден төмен емес соманы құрайды.
Бюджет шығыстары 106 млрд.тг. құрады, игерілуі – 100%.
Өнеркәсіп және инвестициялар. 2018 жылдың 6 айында облыс өнеркәсібінің өсімі 5,1%-ды көрсетіп отыр, 851 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Өсімге өңдеу өнеркәсібінің 6,5%-ға немесе 274 млрд.тг. деңгейінде дамуы арқылы қол жеткізілді.
Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында, 2018 жылы облыстың 35 кәсіпорны 55 млрд. теңгеге жаңғырту жүргізеді. Бұл, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін және еңбек өнімділігін 15-20%-ға арттыруға, өнімнің өзіндік құнын 7%-ға, жарақаттануды 10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Облыс экономикасына 190 млрд.тг. инвестиция тартылды, нақты көлем индексінің өсімі – 110,6%.
Сонымен бірге, а.ж. құны 3,5 млрд.тг. болатын 3 жоба іске қосылды, 150 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы 1,6 мың жұмыс орнын құра отырып, сомасы 74 млрд.тг. болатын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 4%-ға ұлғайып, 73 млрд.тг. құрады. 2018 жылы ауыл шаруашылығы жобаларын қолдауға 3,9 млрд.тг. бөлінді, өсім – 170%. Қазіргі таңда, 240 жоба қолдау тапқан.
Шағын және орта бизнес және сауда. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде ШОБ жобаларын қолдауға а.ж. 1 млрд.тг. бөлінді, cоның ішінде I жартыжылдықта 24 жобаға қолдау көрсетілді. А.ж. 22 млрд.тг. көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі, қаржылай емес қолдау 40 мың адамды қамтиды.
Автомобиль жолдары және көлік. 2018 жылы автомобиль жолдарын салу, қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарына 43 млрд.тг. бөлінді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 82%-ға артық. Қазіргі кезде,«Ақтөбе-Орск» жолын қайта құру, Ақтөбе қаласынан шыға берістегі АФЗ және «Сельмаш» аудандарынан өтпе жолдардың құрылысы, Тургенев көшесінің автожолын Ғ.Жұбанова көшесіне дейін ұзарту, көпір өткелдері, М.Маметова көшесінің жолын жөндеу, «Орталық-Батыс» жолын қайта құру және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қоғамдық автокөліктің жұмысын жақсарту мақсатында 80 автобус сатып алынды.

Білім беру. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, 2018 жыл облыста «Бақытты бала» жылы деп жарияланды. Жобаға әр түрлі қаржыландыру көздерінен 8 бағыт бойынша шамамен 4 млрд.тг. бөлінді.
Сонымен қатар, а.ж. 21 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарлануда, ал 2020 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 100% қамту жоспарлануда. 2018 жылы 26 мектептің құрылысы жоспарлануда, оның ішінде 13 жаңа мектеп пайдалануға беріледі.
Денсаулық сақтау. Денсаулық сақтау саласында 14 млрд. теңгеге 24 жоба жүзеге асырылуда.
МЖӘ ЖӘНЕ БӘЖ. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобаларын жүзеге асыру үшін 32 млрд.тг.бюджеттен тыс қаражат тартылды.
Осылайша, а.ж. ақпараттық технологиялар орталығы (БӘЖ шеңберінде), жеңіл атлетика манежі (БӘЖ), мұз сарайы (МЖӘ), теннис орталығы (МЖӘ) және т.б. жобалар жүзеге асырылуда.
Жұмыспен қамту. Жұмыспен қамтудың кешенді жоспарымен 19 мың адам қамтылды, жылдың соңына дейін 25 мың адамды қамту жоспарлануда. Жыл басынан бері 9,7 мың жұмыс орны ашылды, 2018 жылдың соңына дейінгі жоспар -17,7 мың жұмыс орнын ашу. Сонымен қатар, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 2018 ж. 1 тоқсанында 4,8 мың адамға дейін төмендеді. Жыл соңына дейінгі жоспар - 4,6 мың адам
Қорытындысында, Б.М.Сапарбаев жоспарланған жұмыстардың барлығы толық көлемде орындалып жатқаның айтты.
Депутаттар облысымыздағы абаттандыру, автокөлік жолдарының жай-күйі, ҚТҚ шығарылуы, педагогикалық кадрлар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
«2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 8 желтоқсандағы №217 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселесі бойынша облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Г.Р.Сүйінтаева хабарлама жасады. Ол облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған шығындар тізімін ұсынды. Шығындар жалпы сомасы – 3 083 049,3 мың теңге, соның ішінде:
• Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 1 221 500,0 мың теңге (облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуді бірлесіп қаржыландыру – 513 900,0 мың теңге, Ақтөбе қаласының жолдарын дамыту – 550 000,0 мың теңге, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешеніндегі автокөлік жолдарының құрылысын жалғастыру-100 000,0 мың теңге );
• Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы – 772 214,0 мың теңге (жыл бойы балаларды оқытатын «Әсем» лагерінің құрылысын жалғастыру-191 000,0 мың теңге, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябықты кеңейту – 100 000,0 мың теңге, 8 мектептің құрылысын бірлесе қаржыландыру және жалғастыру-181 783,0 мың теңге, №29 ОМ қосымша ғимарат құрылысын аяқтау- 40 000,0 мың теңге);
• Кәсіпкерлік басқармасы – 242 000,0 мың теңге («БЖК 2020»бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау-180 000,0 мың теңге);
• Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы – 187 896,0 мың теңге;
• Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы – 93 760,0 мың теңге;
• Білім басқармасы – 109 354,0 мың теңге және басқалары.
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың сессиясында «Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мамандарға, жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелерді белгілеу туралы», «Ақтөбе облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу Қағидасы туралы», «Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекіту туралы» шешімдеріне, Ақтөбе облысы әкімдігінің кейбір бірлескен қаулыларына және мәслихаттың шешімдеріне, комиссия құрамдарына өзгерістер енгізу туралы және басқа мәселелер қаралды.
Сессияда Д.А.Довматенконың, С.Е. Айтбаеваның және А.А.Айтжановтың депутаттық сауалдарын жария етті.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша сессия тиісті шешімдер қабылдады.