Материалдар

Жағажайлардың жай-күйі бақылауға алынды

010818Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен аймақтағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі бойынша комиссиялық топ құрылып, Ақтөбе қаласындағы 12 жекеменшік жағажайларға рейд жүргізілді.
Рейдке облыстық мәслихат хатшысы С.Қалдығұлова, Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы, "Нұр Отан" партиясы АОФ төрағасының бірінші орынбасары Д.Исмағамбетова, Ақтөбе қаласының әкімінің орынбасары және мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.


Рейд барысында жекеменшік жағажайлардың санитарлық-гигиеналық жай-күйі, талапқа сәйкестігі тексеріліп, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Б.Сыздықовқа және қала әкімдігіне бірқатар тапсырмалар берілді.
- Бұл рейдтің басты мақсаты - Ақтөбе қаласының маңындағы өзендер мен халыққа жаз мезгілінде қызмет көрсететін суға шомылу жағажайларының талапқа сәйкестігін бақылау. Бастысы адам шығынын болдырмау, талапқа сәйкес келмейтін жағажайлар басшылығына қатаң ескерту беру, қажет болса әкімшілік жазаға тарту. Жағажайларға демалуға келетін тұрғындарға жақсы жағдай жасап, нәтижелі жұмыс көрсетіп жатқан кәсіпкерлерге әкімшілік тараптан көмек көрсету, - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта көп жылдардан бері тұрғындарға мүлтіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан жекеменшік жағажайлардың басшыларын бір үстел басына жинап, кәсібін жаңадан бастаушыларға үлгі ретінде семинар-кеңес өткізуді тапсырды.
Облыстық мәслихат хатшысы С.Қалдығұлова облыстық ТЖД басшысы Б.Сыздықовқа бірқатар сұрақтар қойып, төтенше жағдай мәселесінің алдын алу бойынша жұмыстарды одан әрі арттыруды тапсырды.
Рейд қорытындысында комиссия топ мүшелері су маусымы кезінде жағажайларды пайдалану туралы шешімге өзгерістер енгізіп, арнайы шешім қабылайтындығын жеткізді.