Материалдар

Облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясының баспасөз хабарламасы

2018 жылғы 11 сәуірде облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясының жалпы отырысы №30 Шалқар қалалық сайлау округінен депутат Ақылбек Тілеулесұлы Оралмағанбетовтың төрағалық етуімен өтті.
Сессия жұмысына облыс әкімі Б.М. Сапарбаев, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, Қоғамдық Кеңестің мүшелері, қала және аудан мәслихаттардың хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
№31 Шалқар селолық сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутатын сайлау қорытындылары туралы облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Насанқызы Күнбаева хабарлады. Үш үміркердің арасынан Шәкірбекұлы Бердібек сайланды. Оған депутаттық куәлік пен төс белгі тапсырылды.


«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресмилендіру бойынша шаралар туралы» жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Орынбасарұлы Отаров хабарлады.
Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек: шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді.
Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы отбасында 7 жасқа дейінгі балалары бар аналарға) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.
2018 жылға Ақтөбе облысы бойынша республикалық бюджеттен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті іске асыруға барлығы 798,5 млн. теңге қаражат жоспарланды. Соның ішінде, 59752 адамға жана форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беруге – 665,5 млн. теңге. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 473,4 млн. теңге қаражат қарастырылды.
Бейресми жұмыспен қамтылған тұрғындарды ресмилендіру және ел экономикасына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша 2018-2019 жылдарға арналған ұйымдастыру іс-шараларының жоспары (Жол картасы) бекітілді. 2018 жылдың қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2017-2018 жылдарға елді мекендер бөлінісінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу кестесі бекітілді.
Аталған мәселе бойынша қорытынды жасау үшін әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Аманкелді Қабашұлы Есіркеповке сөз берілді.
«Облыстық маслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 349 «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарында жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың Қағидаларын, абаттандырудың Қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы» құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртас Иванұлы Сейітов хабарлады. Ол Қазақстан Республикасы инвестиция және даму министрінің 2018 жылғы 18 қаңтардағы №39 бұйрығы бойынша жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың Қағидаларындағы, қалалар мен елді мекендерінің аумақтарында абаттандырудың Қағидаларындағы кейбір түсініктерге өзгерістер енгізіліп, кейбіртармақтар толықтырылды.
Аталған мәселе бойынша қорытынды жасау үшін құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегітұрақты комиссия төрағасының орынбасары Асқар Аманбайұлы Садықовқа сөз берілді.
Депутаттар тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Тельманқызы Төлебаеваның Ақтөбе қаласының атаусыз 90 көшелеріне атау беру және 26 көшелерін қайта атау туралы ұсынысын қолдады.
Сонымен қатар, «Ақтөбе қаласының құрылған аудандарына атау беру туралы» мәселесі қаралды. Хабарлама жасаған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Сапарбекұлы Испанов.
Сессия шешімімен құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының құрамына және ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізілді.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша сессия тиісті шешімдер қабылдады.