esenzhulov
Арман Бекетұлы Есенжолов
«Nur Otan» партиясынан депутат

Арман Бекетұлы Есенжолов 1964 жылы 18 қаңтарда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шалқар қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Мәскеу болат және қорытпалар институтын «Қара металдар металлургиясы» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бастады (қазіргі уақытта ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы). Кәсіпорында жұмыс жасаған жиырма жыл ішінде кәсіби өсудің барлық сатыларынан өтті. Балқытушы, шебер, ауысым бастығы, балқыту цехының аға шебері, цех бастығы, өндірістік-техникалық басқарма бастығы, зауыттың бас инженері болып жұмыс істеді.
2006 жылы кәсіби қасиеттерінің арқасында және ERG басшылығының шешімі бойынша «Серов ферроқорытпа зауыты» ААҚ (Ресей Федерациясы, Свердлов облысы) Бас директоры лауазымына тағайындалды. Екі жыл ішінде ол зауытты тиімсіз кәсіпорыннан Ресей Федерациясының өнеркәсіптік көшбасшыларына шығарды. Кең ауқымды қайта құру мен өндірісті жаңғыртуды (инвестициялық бағдарламаларды) іске асырды, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешті.
2008 жылғы 1 шілдеден бастап 2014 жылғы 30 тамызға дейін өнімдері Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония, Қытай, Ресей нарықтарына экспортталатын, әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өндірушілердің бірі «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауытын басқарды. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ол ұжымды сақтап қана қоймай, өндірістік қуаттылықты арттырып, зауытты ферроқорытпалар өндірісі бойынша әлемдік көшбасшыларға шығарып, өткізу нарықтарын кеңейте алды.
2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Қазақстан алюминийі» АҚ (құрамында Павлодар алюминий зауыты және 1-ЖЭО (Павлодар қаласы), Краснооктябрь боксит кен басқармасы (Лисаков қаласы), Торғай боксит кен басқармасы (Арқалық қаласы), «Керегетас» кеніші (Майқайың кенті) Бірінші вице-президент лауазымына ауыстырылды. Компания сондай-ақ ERG құрамына кіреді.
2015 жылғы 20 қаңтардан бастап компания президенті болып тағайындалды. Жұмыс кезеңінде өндірістік қуаттарды жаңғырту және қолдау бойынша жобалар басталды, компанияның кенді базасын дамытуға серпін берілді, бұл жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бірқатар маңызды тармақтарды толықтыра отырып, ұжымдық шарт қайта қаралды, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсартылды.
2018 жылғы 3 наурызда «Қазхром» ТҰК» АҚ (құрамында Дөң тау-кен байыту комбинаты (Хромтау қаласы), Ақтөбе ферроқорытпа зауыты (Ақтөбе қаласы), Ақсу ферроқорытпа зауыты (Ақсу қаласы), «Қазмарганец» кен байыту комбинаты (Қарағанды қаласы) президенті лауазымына тағайындалды. Компанияда инвестициялық жобаларды жүйелеу процесін бастады, күрделі жөндеу жүргізу тәсілдерін қайта қарады, №4 ӨО жобалық қуатына кезең-кезеңімен шығарды, 1 және 2 балқыту цехтарының жұмыс істеуін ұзарту бойынша стратегия әзірледі, бұл өнімділікті арттыруға, жұмыс орындарының босатылуына жол бермеуге және осы бөлімшелердің кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, санитарлық-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөніндегі бағдарламаны, «Идеялар фабрикасы» жобасын іске асыру тәсілі қайта қаралды. Кадрлардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін колледждерде (Ақсу, Хромтау), жоғары оқу орындарында жұмыс күшейтілді.
2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі болды.
М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің іскерлік әкімшілендіру шеберінің біліктілік дәрежесі бар, техника ғылымдарының кандидаты және ғылыми әзірлемелердің авторы. 2003 жылы ҚР Ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды.
Қоғамдық өмірге қатысқаны, маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғаны үшін Ақсу, Шалқар, Ақтөбе қалаларының құрметті азаматы атағына ие болды.
«Еңбек даңқы» ведомстволық төсбелгісінің толық кавалері, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған, «ҚР Құрметті металлургі» наградасы берілген, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және 25 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен (2011, 2015, 2019 жылдары), ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған. COVID-19-ға қарсы күреске қосқан үлесі үшін 2020 жылы «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Отбасылы, екі бала тәрбиелеп отыр. Облыстық мәслихатта құрылыс, көлік, сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және цифрландыру мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болып табылады.