shintasova
Сұлупан Панақызы Шынтасова
«Nur Otan» партиясынан депутат

Сұлупан Панақызы Шынтасова 1959 жылы 4 мамырда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шалқар қаласында дүниеге келген.
Білімі - жоғары. 1980 жылы Энгельс атындағы Ленинград Кеңес сауда институтын (Ленинград қаласы) «Тауартану және сауданы ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1997 жылы кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтына (Алматы қаласы) түсіп, оны 1998 жылы «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша аяқтады. 2005 жылы Тұран ПРОФИ университетінде қайта даярлаудан өтті.
2007-2009 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде (Ақтөбе қаласы) білім алып, «Заңтану» мамандығы бойынша «Заңтану бакалавры» біліктілігін алған.
2005 жылы Париж университетінде (Франция) қайта даярлаудан өтті. 2013-2014 жылдары Қазақ-Орыс Халықаралық университетінде (Ақтөбе қаласы) «Құқықтану» мамандығы бойынша оқып, «Заң ғылымдарының магистрі» біліктілігі берілді.
Еңбек жолын 1980 жылы Ақтөбе қаласының №1 шаруашылық дүкенінде аға тауартанушы болып бастады.
1982-1988 жылдары Қалалық азық-түлік дүкенінің №6 шаруашылық есебінде аға тауартанушы;
1988-1992 жылдары Ақтөбе азық-түлік тауарлары бөлшек сауда бірлестігінің облыстық дирекциясының директоры;
1992-1999 жылдары облыстық әкімшіліктің облыстық сауда басқармасының бастығы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің талдау және жедел ақпарат секторының меңгерушісі;
1999 - 2002 жылдары облыстық коммуналдық меншік басқармасының бастығы;
2002-2004 жылдары облыстық базарларды әкімшілендіру және бір жолғы талондар бойынша қызметтің кейбір түрлері басқармасының бастығы;
2004-2006 жылдары Ақтөбе облысы қаржы департаменті директорының орынбасары;
2006-2007 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы;
2007-2021 жылдары Ақтөбе қалалық мәслихатының төртінші, бесінші және алтыншы шақырылымдарының хатшысы қызметтерін атқарды.
2008 жылы «Қазақстанның жүз іскер әйелдерінің» тізіміне енді. 2020 жылдан бастап Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан әйелдер күштері Альянсының төрағасы.
Сұлупан Панақызы қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысады, облыс пен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді. «Құрмет» (2009 ж.) және «Парасат» (2017 ж.) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015 ж.), «Қазақстан Республикасының үздік депутаты» (2015 ж.), «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 20 жыл» (2015 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.), «Nur Otan» партиясынан «Белсенді қызметі үшін» (2018 ж.), «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» (2019 ж.) мерейтойлық медальдарымен марапатталған. «Аманат» сыйлығының лауреаты (2020 ж.), «Ажар» Қазақстан әйелдері жетістіктеріне қоғамдық құрмет көрсету ұлттық сыйлығы» республикалық байқауының (2008 ж.)номинациясына ие болды.
«Nur Otan» партиясының мүшесі. 2007-2016 жылдары «Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы, 2013-2019 жылдары «Nur Otan» партиясы Орталық аппараты Саяси кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.
Облыстық мәслихатта бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып табылады.